Главная / Районные новости / Жазықсыз жапа шеккендер

Жазықсыз жапа шеккендер

Өткен ғасырда орын алған саяси қуғын-сүргінге ең алдымен Алаш қайраткерлері тап болғаны белгілі.

Алашшыл азаматтардың аңдысын баққан кеңестік билік сол кездегі қазақ зияалыларын өзіне қарсы тұрған ықпалды әрі қауіпті күш ретінде бағалады.

1926-1927 жылдардан бастап репрессиялық шараларды қолға алған олар  1930 жылғы 4 сәуірдегі ОГПУ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) алқасының шешімімен біздің жерлестеріміз А.Байтұрсынов, М. Дулатов бастаған қырыққа жуық Алаш зиялыларын түрлі мерзімдерге түрмелерге және концлагерьлерге қамап, жер аударады және басқа да жазаларға кеседі.

1932 жылғы 20 сәуірдегі  ОГПУ үштігінің үкімімен жиырмадан астам Алаш зиялылары бес жылға Ресейдің Воронеж облысына жер аударылды. Өкінішке қарай, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Д.Әділов, Ә.Байділдин, А.Юсупов және басқа бірқатар Алаш зиялылары ату жазасына кесілді немесе абақтыда көз жұмды.

Бүгінде Алаш қайраткерлерін қуғын-сүргінге ұшыратқан 1937-38 жылдардың ызғарлы лебiнен ескен сұрапыл зұлматтың зардабы мен салдары қандайлық болғандығы тарихтан белгілі. Яғни, тағлымы зор тарихи нәубеттiң қазiргi жаңа буын, жас ұрпаққа берер сабағы турасында ойлану қажеттiгі туындайды.

Әрине, 37-ші жылдары кеңестiк тоталитарлық жүйе жүргiзген солақай саясаттың ауыр зардаптарын арқалаған азаматтар мен сол жылда құрбан болған Алаш зиялыларымен қатар, бiр ғана репрессия салдарынан қазаға ұшыраған қазақстандықтардың жалпы саны 25 мың адамнан асып жығылады.

Сенімді дерек көздеріне сүйенсек,  күштеп ұжымдастырудың  нәтижесінде 1,5 млнға жуық қазақ көз жұмса, 1930-1932 жылдары  осыншама  қазақ  КСРО-дан шетелдерге бір жола көшiп кеттi. Соның ішінде өзіміздің  жергілікті қаракөздеріміз тығыз шоғырланған Торғай өңірі де ауыр сынақтарды өз бастарынан өткерді.

Мәселен, 1930 жылдың басында  республикада 5 млн 873 мың адам тұратын  болса, 1933 жылға қарай халықтың 3 миллионға жуығы ғана қалды. Ал 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргiннен бастап Сталин дүниеден өткенге дейiнгi аралықта Қазақстанда 103 мың адам саяси айып тағылу арқылы сотталса, оның  көбі «Халық жауы» — деп атылған.

Тіпті Алаш арыстарының атын атауға, олардың еңбектерін жарыққа шығаруға үзілді-кесілді тыйым салынды. Сол жылдарда тоталитарлық жүйенің сойылын соғу мақсатында Кеңес Одағының аумағында 953 азап лагері жұмыс  істеді. Қазақстанда арнайы ашылған «АЛЖИР» және «КАРЛАГ» лагерь-түрмелеріне, негізінен, Алаш зиялыларының әйелдері мен бала-шағалары қамалды.

Осы отызыншы жылдардың жуан ортасындағы Алаш зиялылары итжеккенге айдалып, атылмас бұрын  психологиялық қыспаққа ұшырағандығына нақты тарихи құжаттармен танысқанда  көз жеткізуге болады.

Айталық, сол кездегi кеңестiк жүйенiң ықпалында болған Моңғолия мемлекетi елiктегіштiкпен кеңестiк репрессияның артынша-ақ оны өз елдерiнде қайталаған болатын. Кейiннен Моңғолия басшылығы бұл солақай саясаты үшiн халқынан кешiрiм сұрап, құрбан болғандар мен азап шекендердiң ұрпақтарына өтемақы төледi.

Бұл жайт турасында оның куәгерлерi — бүгiнде сол жақтан ата-жұртқа қоныс аударған ағайынның айтары баршылық. Осы  тұста тарихымыздың қасіреттi беттерiн парақтағанда әлi де көп зерттеу қажет  екенiне көз жетедi.

Өйткені, дәл сол уақыттары қалыптасқан саяси ахуалдың ауыр салмағы тек Алаш элитасын ғана емес, тұтастай қазақ ұлтын жаныштап бара жатты.

Басында  саяси қуғын-сүргін Алаш идеясын ауыздықтауға арналды. Алайда тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзатқа ауыр қасірет алып келген жиырмасыншы ғасырдың басында ұлттық идея өзінің рухани және әлеуметтік эволюциясының барысында «Алаш» идеясы түрінде көрініп, оны ешқандай да қуғын-сүргін тоқтата алмады.

«Алаш» идеясы қазақ түсінігінде тұтас түркі халықтарын біріктіретін «Алты алаш» ұғымын білдіргендіктен, ХХ ғасырдың басында артта қалған отар халықтардың ұлттық өзіндік санасының оянуына орай, «Түркістаншылдық» идеясымен шектесіп жатты. Бұл, әсіресе Мағжан Жұмабайдың поэтикалық шығармашылығы мен Мұстафа Шоқайдың тарихи саяси қызметінен аңғарылады. Саяси тәуелсіздіктің туын көтерген қазақ зиялылары «Оян, қазақ!» идеясымен халыққа ой тастады.

Жылдар жылжып өткен сайын ата-баба дәстүріне адал ұрпақ сол бір ақтаңдақтарды аршып, әділеттікке айқын көз жеткізе білді. Сөйтіп, жазықсыз жапа шегіп, қапияда атылып кеткен арыстарымыз ақталып, бүгінде жас ұрпақ ата-бабаларының есімін ұлықтап қана қоймай, олардың соңына қалдырған ізгі өсиеттерін жүзеге асыруда.

 

Дайындаған Жаңабай АХМЕТОВ

Смотрите также

Жарайсың, Мейрамбек!

«Спорт – денсаулық кепілі» демекші, спорттың адам өмірінде алатын орны зор. Спортты жанына серік еткен …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *