Главная / Районные новости / Он екі айдың сұлтаны

Он екі айдың сұлтаны

Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы – Рамазан айы. Биылғы жылы Рамазан мамырдың 16-нан бастау алады.

Рамазан – барлық айлардың сұлтаны. Басқа айлармен салыстыра қарағанда Рамазан айында мүміндерге ерекше мол сауап беріледі. Бұл уақытта ораза ұстаған адам жаны мен тәні тазаруы үшін жаман істер жасаудан тыйылу қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да: «Рамазан келгенде жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылады әрі шайтан атаулының бәрі кісенделеді» – деген (Имам Бухари).

Бұл ай жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Сондықтан, ғибадат айында ерекше рухани күйде іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға тырысу қажет. Ал осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау нағыз немқұрайлылықты білдіреді. Алла Тағала адам баласының сенімін арттырып, еркіндікті сезінуге, өзіне-өзі бақылау жасауына және нәпсісін тыю үшін осы Рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Себебі, тиісті міндеттерді дұрыс орындау арқылы ауыз бекіткен кісі өзін-өзі тәртіпке шақырып, харам істерден тыйылады. Нәтижесінде, ондай адам жиіркенішті әрекеттерден арылып, жақсылыққа бет бұрады.

Исламның бес парызының бірі – Рамазан айында ораза тұту. Сондықтан да дінімізде оған ерекше мән беріледі. Себебі, ол сенімнің бір бөлігін құрайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ораза – шыдамның жартысы, ал шыдам – сенімнің жартысы» – дейді. Алла Тағала оразаны бұрын өткен Пайғамбарлардың (ғ.с.) қауымдарына парыз еткеніндей, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) да үмбетіне, яғни бізге де Рамазан айында 30 күн ораза ұстауды парыз етті. Бұған байланысты Құран Кәрімде былай делінген: «Ей, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрыңғыларға ораза ұстау міндет етілгендей, сендерге де ораза тұту парыз етіледі. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер» (Бақара сүресі, 183 аят).

Оразаны парыз ететін шарттар:

  1. Мұсылман болу. Ораза ұстау – мұсылман болған әрбір ер мен әйел кісіге парыз.
  2. Балиғатқа толу. Балиғат жасына толмаған сәбиге оразаның парыздығы міндеттелмейді.
  3. Ақыл-естілік. Есі оралмайынша, жындыға, жарымеске, мас адамға, комадағы кісіге ораза парыз емес.
  4. Денсаулық. Науқас кісіге ауырған күндері, ораза кезінде жүкті немесе мізіп жүрген нәрестелері бар әйелдер және жолаушыға сапар күндері ораза ұстамаулары рұқсат етіліп, кейін жағдайлары жеңілдегенде сол күндердің қазасын өтеулері – парыз. Жалпы ауру-сырқаты жазылмайтындар, денсаулығы ауыз бекітуді көтермейтін, жасы келген қарттар – ораза ұстамаса да болады, бірақ олардың дәулеті жеткілікті болса, тұтпаған оразасына фидия береді. Фидияның мөлшері Құран Кәрімде былай деп баян етілген: «Шамасы келмейтіндер (қарт кісілер, жазылмайтын ауруға шалдыққандар) ораза ұстамаса, бір кедейдің бір күн тоятындай тамағын беріп тұруына болады. Ал оны белгілеген мөлшерден артық беретіндері болса, өзі үшін жақсы» (Бақара сүресі, 184 аят).

Өйткені, өмірлік жазылмайтын ауруға душар болған кісілер және ауыз бекітуге шамасы жоқ қарттар оразаның қазасын өтемейді. Егер дәулеті болмаса, фидия да төлемейді. Ханафи мазһабының негізін салушы Имам Ағзам Әбу Ханифа былай деген: «Оразаның абзалы – кісінің өзіне зиян тимеуі».

  1. Тұрғылықты болу.
  2. Әйел кісінің хайыз бен нифастан тазаруы. Бұл күндері атқарылмаған намаз бен оразаның айырмашылығы – намаздың қазасы өтелмейді, ал оразаны өтеулері – парыз.

Оразаның дұрыстығына қажетті шарттар

  1. Ниет.
  2. Оразаның бұзылмауы.

Біле тұра жеп-ішпеу. ұмытып жеп-ішкен кісінің оразасы бұзылмайды.

Біле тұра жұбайына жақындаспау. Кім бұны ұмытып істеп қойса, оразасы бұзылмайды.

Өзін-өзі құстырмау. Құсық өзі келсе, ораза бұзылмайды. Алайда, кім өздігінен келген құсықты біле тұра жұтса, мысалы, адамдардан ұялғанынан жұтса және құсық ауыз толтырарлық көлемде болса, онда оразасы бұзылып, кейін сол күннің қазасын өтейді.

  1. Негізсіз болмауы.

Кәпір кісінің ораза ұстауы негізсіз.

Етеккір не нифас күйдегі әйелдің ораза тұтуы негізсіз.

Оразаның мұстахабтары (әдептері)

Мұстахаб дегеніміз істесе сауап таптыратын, істемесе күнәсі жоқ амалдар. Олар мыналар:

1.Сәресі. Таң қараңғысында ниет етіп, дәретін алып, сәресіге тұру. Оның уақыты: түн жарымы ауғаннан таңсәріге дейін. Пайғамбарымыз бұл жайында:

«Сәресіге тұрыңдар! Шынында, сәресі ішуде көп береке бар» – деген, яғни ниет етіп, сәресіге тұру мол сауапқа кенелтеді.

  1. Ауыз ашуға асығу. Ораза тұтқан кісіге күн батқаннан кейін немесе ақшам намазының азаны айтылғаннан кейін бірден ауыз ашу сауапты іс. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Ораза тұтқан кісі мүмкіндігі болса, аузын құрмамен, болмаса таза сумен ашсын». Демек, құрма табылған жағдайда құрмамен ауыз ашқан сауаптырақ болады.
  2. Күнделікті ауыз ашқан кезде және ораза айы бойы тілек-дұғалар жасау. Бұған байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әлбетте, ораза тұтқан кісінің ауыз ашқандағы дұғасы (тілегі) қайтарылмайды, яғни тоқтаусыз қабыл етілед»» – деген.

Оразаны бұзатын істер

1.Күндіз ораза ұстап жүргенін біле тұра себепсіз тамақ ішіп-жеу.

  1. Күндіз еркек пен әйелдің жақындасуы. Егер кімде-кім, ораза екенін біле тұра күндіз себепсіз әдейі ішіп-жеп немесе жыныстық қатынас жасайтын болса, оған айып ретінде кәфарат төлеу немесе ораза қазасын екі есе өтеу міндеттеледі. Кафаратты өтеу үшін бір құлды азат ету немесе алпыс міскінді тойдыру не екі ай бойы ораза тұту қажет.

Ал кімде-кім, ораза уақытында ораза екендігін ұмытып, білместікпен күндіз тамақ ішіп-жеп қойса, оған қазасын өтемейді және кәфаратын төлемейді. Бұл турасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім, ораза екендігін ұмытып, ішіп-жеп қойса, Алла Тағаланың ол кісіні тамақтандырғаны». Ішіп-жеп қойған соң ораза екені есіне түскен кісі, оразасын одан әрі жалғастыруы қажет.

Егер кімде-кім, жүрегі айнып, лоқсып құсса немесе байқаусыздан аузына бір нәрсе кіріп кетсе (мысалы: дәреттің суы, шыбын-шіркей) т.б. бірақ тек үзірмен оразасын тоқтатпастан жалғастыра береді.

 

Бақытбек НҰРҒАБЫЛҰЛЫ,
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы.

Смотрите также

Жарайсың, Мейрамбек!

«Спорт – денсаулық кепілі» демекші, спорттың адам өмірінде алатын орны зор. Спортты жанына серік еткен …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *