Главная / Районные новости / «Мамандығым – мақтанышым»

«Мамандығым – мақтанышым»

Қай заманда болмасын, қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Өйткені, бүгінгі бүлдіршіндер, еліміздің ертеңі ғана емес, бүтіндей бір ұлттың болашағы. Халқымыздың  «Баланы жастан» деген дана сөзі де осыдан қалса керек.

Ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деп бала тәрбиесінің маңыздылығын атап көрсеткен.  Бала дүнеге келген соң ең алғаш тәрбиені ата-анасына көріп өседі. Алайда балаға қоршаған ортаның тигізетін әсері мол.

Айналасындағы ересек адамдардың, достарының арасындағы қарым-қатынас балаға үлгі. Енді ғана жетіліп, дамып келе жатқан бала әлбетте, өзіне таңсық көрінген нәрсенің бәріне еліктеп, соған ұқсауға тырысады. Бұл орайда балабақшалардың атқаратын рөлі зор.

Бүгінгі нарық заманында жұмысбасты ата-аналар көп жағдайда балаларын балабақшаларға апарады. Таңертеңнен кешке шейін балабақша тәрбиешісінің көмегімен балғындар өз ойын ашық жеткізуге, түрлі қарым-қабілеттерін ашуға икемделеді. Сол қабілеттеріне сай болашаққа айқын мақсат қойып, мамандық таңдайды.

Ал өздері ұнатқан мамандық түрін таңдауда, оларға балабақшадағы сюжеттік ойын түрлері көмектеседі. Яғни, балғындар өздерін түрлі салада, түрлі мамандықта байқап көреді. Бұл балалардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға да септігін тигізеді.

«Қарлығаш» тобы – «Салтанат» балабақшасындағы кіші топтардың бірі. Бұл топтағы балалар да сан-түрлі мамандықтармен танысады. Олар: дәрігер, құрылысшы, мұғалім, шаштараз, аспазшы, жол полицейі сынды мамандықтар. Бұл ойынды ойнап, өзін сол мамандықта сезінген бүлдіршіндер кішкентайынан ересектердің, ата-анасының еңбегін бағалауды үйренеді. Сөйтіп, өзінің икемі келетін, жанына жақын ойын түріне қарай мамандығын таңдайды.

Тобымыздағы 4 жасар Полина Кирюткина қазірдің өзінде тәрбиеші мамандығына қызығушылық танытуда. «Сіз секілді жақсы тәрбиеші боламын» дейді. Болашақта Полинадан өте керемет тәрбиеші шығатынына сенемін. Ал, тобымыздағы Шыңғыс Оспанов келешекте дәрігер боламын деп армандайды.

Балабақшадағы балалардың тәрбиесі, олардың халқына қалаулы азамат болып өсулері біріншіден, ата-ананың, екіншіден біздердің, яғни тәрбиешілердің қолында.

Жанұя – әрбір баланың тірегі, тәрбиенің алтын діңгегі. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген дана халқымыз.  Отбасында бала тәрбиесінің іргетасы қаланады. Ал, балабақша – сол тәрбиені жетілдіруші, нығайтушы күш. Кішкентай бүлдіршінге тән азығы — күш жинау үшін тамақ қалай қажет болса, жан азығы – мейірімділік пен сүйіспеншілік, жылулық сондай қажет.

Әрбір мамандықтың өз несібесі бар. Біздің, яғни балабақша тәрбиешісі жұмысының жемісі – көз алдымызда ойнап жүрген бүлдіршіндеріміздің үлкен азамат болып, бір-бір мамандық иелері атанып, еліне сыйлы азамат болуы. Олар – біздің ұстаздық өміріміздің гүлі, мәні мен сәні десек те артық етпес. Қазақта «Ана мейірімі мен ұстаз мейірімі егіз» деген тамаша тәмсіл бар. Осындай ана мейірімімен қатар тұратын, балаларды өз баласындай көретін тәрбиешілердің қатары көп болсын!

 

Жаңагүл Мұқанова,
 «Салтанат» балабақшасының тәрбиешісі

Смотрите также

Жарайсың, Мейрамбек!

«Спорт – денсаулық кепілі» демекші, спорттың адам өмірінде алатын орны зор. Спортты жанына серік еткен …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *