Главная / Районные новости / Көктемгі егіс қарқынды
SAMSUNG CSC

Көктемгі егіс қарқынды

Көктем – жер беті көгеріп, бірде жылымық, бірде толассыз жаңбыр жауатын мезгіл. Жер-Ананың қайта түлейтін бұл мезгілінде егіс даласында жұмыс қызады. «Көктемнiң әр күнi – жылға азық» демекші, диқангер қауым қашанда тірлігін қамдап, қара жердің берер рыздығына ниеттеніп, қапы қалмаудың қамын жасап қалатын шақ осы.

Осыны ескерген аудан диқандары бұл мезгілдің әр күнін тиімді пайдалану жолында жұмыла жұмыс жүргізуде. Қазір өңірде көктемгі дала жұмыстары қызу қарқын алды. Бар ырысын жерден өндіріп отырған диқандар уақытпен санаспай еңбек етуде. Басты мақсат – жауапты науқанды межелеген мерзімде аяқтап, қара жерге дәнді сапалы әрі уақытылы егіп алу.

Биыл аудан бойынша 639,3 мың гектар алқапқа дән себу жоспарланып отыр. Атап айтсақ, 493,8 мың гектар алқапқа бидай, 82 мың гектарға жемшөп дақылдар, 30 мың гектарға майлы дақылдар, 23 мың гектарға мал азығы дақылдары егіледі.

Көктемгі дала жұмыстарының жайын білу мақсатында Қойбағар ауылына барып қайтқан болатынбыз. Бұл ауылда көктемгі науқанды ойдағыдай атқарып жатқандардың қатарында «Құнарлылық» ЖШС де бар. Қазір бұл шаруашылықтың егіс алқаптарында еңбек дүбірі қыза түскен. Сол жердегі егістікке арнайы барып, ондағы жұмыстың барысын өз көзімізбен көрген едік.

Көктемгі егін егу науқаны тиянақты дайындықты талап етеді. Сондықтан «Құнарлылық» ЖШС ұжымы маңызды науқанға деген әзірлікті алдын ала қамдап үлгерді. Қажетті техника мен құрал-саймандарды жұмысқа әзірлеп болған соң, науқанды белгіленген мерзімде бастап кетті.

Серіктестік еңбеккерлері ырыздықтың іргетесы қаланатын науқанды мамыр айының 14-нен бастапты. Науқанға 40 адам күші, 14 тұқым себу кешені, тұқым жеткізетін қосымша жүк көліктері мен тракторлар жұмылдырылған. Жұмыс күні таңғы сағат 7.00-ден бастап кешкі сағат 22.00-ге дейін созылады. Диқандар жоспарланған жұмыстарды уақытылы орындап, науқандық шаруаны ойдағыдай атқаруға зор мән беріп отыр.

Виктор Ковальский басшылық ететін шаруашылық биыл 11 мың гектар аумаққа дәнді дақыл сіңіруді межелеп отыр. Атап айтсақ, 1300 гектарға — арпа, 300 гектарға — зығыр, 200 гектарға — бұршақты жасымық, ал қалған алқаптарға бидай себу жоспарлануда.

Көктемгі науқанда жанар-жағармайдың, тұқымның жеткілікті болуы – диқандарды толғандырар басты мәселе. Бұл жағынан серіктестікте қиындық туындап отырған жоқ.

Егін өсірудің жоғары мәдениетін сақтаудың арқасында жыл сайын мол өнім алып жүрген шаруашылық та Виктор Денисенко, Михаил Степаненков, Владимир Антоненко, Сергей Безязыков, Василий Мантулин, Артем Панфилов, Николай Васюхин, Владимир Доманский, Александр Партыко, Владимир Терещенко және т.б. еңбеккерлер жемісті еңбек етуде.

— Қазіргі біздің алға қойып отырған мақсатымыз – ашық күндерді тиімді пайдаланып, көктемгі далалық жұмыстарды дер кезінде, агротехникалық шараларды сақтай отырып, тез арада аяқтау, — дейді серіктестік басшысы.

Смотрите также

Ауызашар берді

Рамазан – ол мейірім мен молшылық айы. Бұл айда барша мұсылман қауымы сауабы көп жақсылықтар …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *