Главная / Районные новости / Отанымның айбыны

Отанымның айбыны

Қарасу орта мектебінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні орай «Отанымның айбыны» атты мектеп оқушылары мен студенттер арасында әскери-қолданбалы көпсайыстан аудандық жарыс өтті. Оған Қарасу, Қараман, Люблинка, Ленин орта мектептерінің оқушылары және Қарасу ауыл шаруашылығы колледжінің студенттері қатысты.

Шараның басты мақсаты – жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, отансүйгіштікке, адамгершілікке, төзімділікке тәрбиелеу, әскерге шақырылатын жастардың дене тәрбиесін және техникалық даярлығын жақсарту.

Тәрбиелік маңызы зор шара аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Ал, сайысты жүйелі өткізуге жалпы білім беретін мектептердің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері атсалысты.

Аталмыш шара салтанатты түрде ашылды. Алдымен ҚР Әнұраны орындалды. Одан кейін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Файзулла Серипов патиоттық тәрбиенің мән-маңыздылығы туралы сөз қозғап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Әскери-қолданбалы көпсайыс өзара жарыс сипатында өткізілді. Оның бағдарламасына саптық байқау, автоматты бөлшектеу және бөлшектерін жинау, кермеге тартылу, химиялық шабулдан қорғаныс киімін жылдамдыққа кию, армрестлинг, пневматикалық мылтықтан оқ ату және арқан тарту енгізілді.

Жарыс тартысты өтті. Мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері өз шәкірттерін жарысқа қосу үшін тыңғылықты дайындап әкелгені көрініп-ақ тұрды. Жігіттерден кем емес күш жігерлерін бойға жинап, намысты қолдан бермеу үшін тер төккен арулар да қалыс қалып жатпады.

Жарыстың қорытынды есебіне келер болсақ, ең жоғарғы ұпай жинаған Люблинка орта мектебі жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынға Қараман орта мектебі ие болса, үшінші жүлделі орынға Ленин орта мектебі табан тіреді.

Жеңімпаз-жүлдегерлер арнайы грамота және сыйлықтармен марапатталды. Сайыстың жекелеген жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне тиісті деңгейдегі грамоталар табыс етілді.

«Тәрбие – тал бесіктен» дейді. Егеменді еліміздің ертеңі – бүгінгі жастар. Сондықтан оларға патриоттық тәрбие беру – қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Дана халқымыз ежелден-ақ өскелең ұрпақтың отансүйгіш, елінің патриоты болып өсуіне баса мән берген.

Жаңабай АХМЕТОВ

Смотрите также

Жарайсың, Мейрамбек!

«Спорт – денсаулық кепілі» демекші, спорттың адам өмірінде алатын орны зор. Спортты жанына серік еткен …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *