Главная / Районные новости / Еске алуға арналған турнир

Еске алуға арналған турнир

Бар саналы ғұмырын адал еңбекке арнап, ел игілігі үшін еткен еңбегімен есте қалатын, өзі дүниеден өтсе де, есімі ұмытылмайтын жандар болады. Сондай жандардың бірі – Серікбай Махмұтұлы Төкебаев. Оның көзін көргендердің айтуынша, марқұм Серікбай Махмұтұлы қарапайым тіршілігімен, тәлімді жүріс-тұрысымен, жарқын іс-әрекетімен, жақсы қасиеттерімен ұжымда да, қоғамда да өз орнын таба білген бірегей жандардың бірі болған. Өзінің адал еңбегімен, білімімен, адами болмысымен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсе білген жан.

Серікбай Махмұтұлының өмір жолына тоқталсақ, ол 1952 жылы дүниеге келген. Торғай өңірінің тумасы. Қарағанды мемлекеттік медицина институтының санитарлық-гигиеналық факультетін «санитария» мамандығы бойынша бітірген. 1975 жылы сол кездегі Октябрь ауданына жұмыс бабымен келіп, еңбек жолын аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясында санитар дәрігер болып бастаған. Кейін жергілікті ауруханада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, осы медициналық мекеменің мәртебелі ауруханаға айналуына көп үлес қосты. Ел игілігі үшін көптеген игі істердің өркендеуі жолында тер төгіп, бар ғұмыры осы өңірмен біте қайнасып өтті.

Жуырда Октябрь ауылында «Мадияр» ШҚ жүлдесі және Серікбай Махмұтұлын еске алуға арналып, еркін күрестен 2002-2007 жылғы және одан кіші жастағы жасөспірімдер және 2001 жылғы және одан жоғары жастағы ересектер арасында аудандық турнир болып өтті. Жарысқа Қарасу, Восток, Жаныспай, Целинный, Железнодорожный, Павлов, Шолақашы ауылдарының балуандары қатысты.

Спорттық шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасында еркін күресті дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, спортпен жүйелі түрде шұғылдануға және достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке  тәрбиелеу.

Турнир салтанатты түрде ашылды. Алдымен командалар салтанатты түрде шақырылып, рет-ретімен сап түзеді. Мемлекеттік Әнұран шырқалып, одан кейін аудан әкімінің орынбасары Мұрат Саутпаев, Октябрь ауылының әкімі Сапабек Сабырұлы және Серікбай Төкебаевтің ағасы Түбекбай Махмұтұлы құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға бозкілем үстінде сәттілік тіледі.

Спорттық додаға 120-ға жақын балуан қатысып, 13 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасты.

Қай сайыста болмасын өз жеңімпазы, әлсізі мен күштісі іріктелетіні белгілі. Жарыс қорытындысы бойынша, жасөспірімдер арасында 35 келіде Диас Сұлтан (Октябрь ауылы), 38 келіде Аслан Жұмаділов (Қарасу ауылы), 42 келіде Еламан Қожантаев (Восток ауылы), 46 келіде Бектемір Мұқанов (Қарасу ауылы), 51 келіде Абай Әлжанов (Қарасу ауылы), 56 келіде Бахтияр Жұмабаев (Қарасу ауылы), 57 келіде Тарғынбек Махмұтов (Восток ауылы), 61 келіде Евгений Ошурко (Восток ауылы) жеңіс тұғырынан көрінді.

Ересектер арасында 61 келіде Анатолий Талалаев (Қарасу ауылы), +61 келіде Асылхан Климусов (Қарасу ауылы), 66 келіде Евгений Евсей (Октябрь ауылы), 74 келіде Филипп Акимов (Октябрь ауылы), +74 келіде Николай Парфенов (Октябрь ауылы) турнир жеңімпазы атанды.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан арнайы тағайындалған медаль, грамота, кубок және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Жалпы командалық есепте Восток ауылы үшінші орынға табан тіреді. Екінші орынды Қарасу ауылының командасы иеленсе, ал Октябрь ауылының командасы жеңімпазы атанды.

Аталмыш турнирдің ойдағыдай өтуіне күш салған барлық жандарға және «Мадияр» шаруа қожалығының басшылығына алғысымыз шексіз. Біздің ауданда еркін күрес ілгері дамып келеді. Ең бастысы, осы спорт түрінен облыстық, республикалық жарыстарда қарсыластарына дес бермей, биік белестерден көрініп жүрген балуандар баршылық. Сондықтан ауыл спортына барынша көңіл бөліп, қолдау көрсету керек.

Жаңабай АХМЕТОВ

Смотрите также

Жарайсың, Мейрамбек!

«Спорт – денсаулық кепілі» демекші, спорттың адам өмірінде алатын орны зор. Спортты жанына серік еткен …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *