Главная / Районные новости / Ешкінің сүті – ем

Ешкінің сүті – ем

Сексен жастағы Сəулима Ахметованың өнегелі ісі – көпке үлгі. Қалада тұратын зейнеткер ала жаздай сүт, айран, құрт-ірімшік іздеп дүкен аралап көрген емес. Қолындағы он шақты ешкісі жыл он екі ай ермек. Жаздың күні қаймақ-майын айыра қояды. Қыста жылы қорада ұстап, жем-суын уақытылы беріп отырады.

Бұл кісі əр ешкінің жайын жақсы біледі. Біріне тəтті ұсынып, енді біріне өз қолымен нан беруі күндегі əдеті. Көк шыға қала сыртына бір мезгіл жайып келеді. «Мен малсыз отыра алмаймын», – дейді əжей, əңгіме арасында. Сондықтан, ауылдан көшер кезде ешкілерін өзімен кірге ала келіпті. Қазір ешкілері түгел лақтады.

Самайын əлдеқашан аққырау шалған қария əлі тың, қимылы ширақ.

– Осының бəрі тынымсыз еңбек, таза тағамның арқасы, – дейді Сəулима Нұрахметқызы. – Не нəрсеге де адам өзі ынтасымен кірісуі керек. Мал ұстаймын деген жанға уақыт жеткілікті ғой. Келіндер кішкене ертерек тұрып, кешірек жатса, бəрі де болады. Ешкі малы өсімтал, тез көбейеді.

Бұл кісі ешкілерін күніне екі рет сауып алады. Олардың әрқайсысы 1,5-2 литрден сүт бергеннің өзінде күніне 1 шелек сүт алады. Мал баққанның аузы асқа тиетіндігін, адал еңбек түпкі мақсатқа жеткізетіндігін көпті көрген қария ұрпақтарына ұдайы айтып отырады. Кейінгі буын ата кәсіптен қол үзіп қалмаса екен деп тілейді. Тірлігі төрт түлікпен біте қайнасқан халқымыздың жылдар бойғы жиған тәжірибесі – табыстың қайнар көзі іспетті.

«Жалпы, ешкі сүті – биологиялық күндылыққа, дәрумендерге өте бай. Оның құрамындағы бета-казиннің көптігі оның ана сүтіне жақындығын көрсетеді. Ешкі сүтінде аллергиялық реакциялар тудыратын ақуыз жоқ. Сондықтан аллергиясы бар балаларға ешкі сүті – таптырмас ем. Әсіресе, асқазан ауруларына, анемияға, көздің нашар көруіне, диатезге пайдасы мол. Тоқсан тоғыз ауруға ем», – дейді мамандар. Мұны өмірден түйгені мол Сәулима апа да жақсы біледі. Бір жолы баласы сырқаттанып қалған кісілер ешкі сүтін алыпты. Кейін науқасы дертінен құлантаза айығып кеткен екен.

Әсілі, мал шаруашылығын дөңгелентіп отырған ағайын Сәулима Нұрахметқызындай ешкі малын көбірек өсірсе, кәнекей?!

 

Әлібек ЫБЫРАЙ

Смотрите также

Будущие защитники Родины

Формирование навыков начальной военной подготовки продемонстрировали студенты Карасуского сельскохозяйственного колледжа, принявшие участие в армейском калейдоскопе …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *