Главная / Районные новости / Несие алып, кәсібін ашты

Несие алып, кәсібін ашты

Көсегені көгертетін – кәсіп. Өз заманында Төле би бабамыз: «Кәсіп болмай, нәсіп болмас», деген екен. Бүгінгідей нарық заманында кәсіппен айналысып, табыс табу керек. Қазіргі заманның талабы да осы болып отыр.

«Кәсібіне қарай — нәсібі» демекші, бүгінде өзінің жеке кәсібін ашып, ісін дөңгелентіп отырғандар қатары артып келеді. Қазіргі уақытта, мемлекет те кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударып, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, қаржылай несиелік қолдау көрсетіліп келеді. Осындай бағдарламалардың шарапатын көріп отырған жандар біздің ауданда да аз емес. Солардың бірі – Даурен Қожахметов. Ол «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы несие алып, бүгінде мал шаруашылығымен айналысуда.

Октябрь ауылында туып-өскен Даурен өз кәсібін бастағанға дейін әр түрлі салада қызмет істеген. Жеке кәсібін ашуды ұйғарған ол, бертін келе мал шаруашылығымен түбегейлi айналысуды жоспарлайды. Сөйтіп, 2017 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы 2 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, 11 бас 7-8 айлық бұқалар сатып алды. Қазір мемлекет қолдауының арқасында шаруасын өрге домалатып отыр.

Даурен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау-көмекке дән риза. Қазіргі таңда жеке кәсібін ашуға ниет еткен жандарға тосқауыл жоқ екенін алға тартады.

— Мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламалардың ауылда тұратын біздер үшін маңызы өте зор. Осы бағдарламалар арқылы жеке кәсібімді ашып отырмын. Берілген несиенің үстемақысы 5,5 пайыз. Несиені өтеу мерзімі ыңғайлы. 5 жылға қарастырылған, — дейді кейіпкеріміз.

Күн өткен сайын табысы молайған кәсіпкерліктің ғана болашағы жарқын, несібесі мол болмақ. Бұл қағиданы ұстанған Даурен Қожахметов алдағы уақытта мал басының санын көбейтіп, етті мақсатта сатуға шығармақшы.

— Ауылда тұрған соң мал ұстау керек. Сондықтан бұл іспен айналысу қашаннан ойымда жүрген болатын. Қазір қолға алған ісімді алға дөңгелету үшін еңбек етудемін. Бүгінде кәсіп ашып, өз ісін бастаймын деген адамдарға мемлекет тарапынан қолдау-көмек бар. Тек, соны тиімді пайдаланып, аянбай еңбек ету керек, сонда ғана ырыздығымыз мол болады, — дейді Даурен.

Смотрите также

Ауызашар берді

Рамазан – ол мейірім мен молшылық айы. Бұл айда барша мұсылман қауымы сауабы көп жақсылықтар …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *