Главная / Районные новости / Көрерменнің көңілінен шықты

Көрерменнің көңілінен шықты

Иә, қазақ халқы қашанда өнерді аса жоғары бағалаған. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын халықпыз. Құлақтан кіріп, бойды алатын ән мен күйдің құдіреті өз алдына ерекше екені даусыз.

Өткен аптада «Достық» аудандық мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталмыш мәдениет үйінің «Жігіттер» тобының «Қазақ әні қалықта» атты есеп беру концерті өтті.

Концерттің барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлнар Барамбаева ұйымдастырылған іс-шараның маңыздылығына тоқталып, концертке жоғары дайындықпен келген аудандық мәдениет үйінің қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Бұдан бөлек, көрермендерге қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы ақпараттық парақшалар таратылып, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан қысқаша мәліметтер берілді.

Ұйымдастырылған ән кешіне халық көптеп жиналды. Өнер сүйер қауым «Жігіттер» тобының «Ассалаумағалейкум», «Ауылым», «Бала ғашық», «Әкелер», «Ләйлім шырақ», «Айнамкөл», «Өз елім», «Мөлдіреген жанарың» атты әуезді әндерін тыңдап, бір серпіліп қалды. Сонымен қатар «Тамаша» драмалық ұжымы, аудандық мәдениет үйінің бишілері және Әйгерім Сәкенова, Аялан Мұқанов сияқты басқа да өнерпаздар мен өнер ұжымдары да өнер көрсетті.

Жалпы концерттік кеш көпшіліктің көңілінен шықты. Көрермендер орындалған әндерді ұйып тыңдап, қошемет көрсетіп жатты. Солардың бірі – Ұлпан Майленова: «Концерт маған өте ұнады. Үлкен әсер алдым. Мен ойлағаннан әлде қайда жоғары деңгейде өтті десем де болады. Мұндай сазды кеште болмағаныма көп болыпты. Сахнаға шыққан ұл-қыздардың өнеріне тәнтімін. Тамылжыта шырқалған әсем әндер көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, бір сергітіп тастады. Алдағы уақытта осындай концерттердің жиі болып тұрғанын қалаймын. Өйткені, бұндай концерттерден мол рухани азық аласың, — дейді.

Концертті ұйымдастырушылардың бірі Бердімұрат Сайлаубек мұндай шаралар халқымыздың рухани әлемін байыту үшін қажет екенін алға тартты.

-Бұл концертке барынша дайындалдық. Еңбегіміз бекер емес сияқты. Концерт көрерменнің көңілінен шықты. Алдағы уақытта осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұратын боламыз, — дейді Бердімұрат.

Концерт көтеріңкі көңіл-күймен, қуанышты шаттықпен, ақ ниетті тілектермен аяқталды.

Жаңабай АХМЕТОВ

Смотрите также

Жарайсың, Мейрамбек!

«Спорт – денсаулық кепілі» демекші, спорттың адам өмірінде алатын орны зор. Спортты жанына серік еткен …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *