Главная / Официально / «Жаңа әліпби – жаңа дәуірдің басы, қазақ тілінің, қазақ рухының «Мәңгі Ел» идеясымен бірге жасалуының басты кепілі»

«Жаңа әліпби – жаңа дәуірдің басы, қазақ тілінің, қазақ рухының «Мәңгі Ел» идеясымен бірге жасалуының басты кепілі»

Біз бүгін еліміз үшін, тіліміз үшін, діліміз үшін, рухымыз үшін тарихи мәні бар, шын мәнінде тағдыршешті мәселені қарастырып отырмыз.
Неге бұл мәселені тағдыршешті деп айтамыз? Мұның мәнісі мынада.

Біз жазуымызды жаңғырттық. Жазуды жаңғырту – тілді жаңғырту. Тілді жаңғырту – елді жаңғырту. Қазақ жұрты әліпби ауыстыру мәселесін егемен ел атанған алғашқы жылдардан-ақ ойластырған болатын. Бірақ біз өзге ағайындар сияқты бұл іске дереу кірісіп кеткен жоқпыз. Ойландық, толғандық. Еледік, екшедік. Бәрін таразыға салдық. Сөйтіп барып, енді ғана осынау аса маңызды, аса жауапты іске бел шешіп отырған жайымыз бар.

Жаңа әліпби жаңарған елдің ныша­ны ретінде көнені келмеске кетіріп, сананы сілкіндіреді, жадыны жаңғыртып, тілге тәуелсіздік әпереді, мәдени тұтастықты орнықтырып, ақпарат кеңістігін дербес­тікке жетелейді. Әліппе мәдениеттің өлшемі, сонымен қатар ол – ұлттың таң­басы, елдіктің ай­шығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын символ­дардың бірі. Бұл тұрғыдан алғанда таңба таңдау – өркениет жолын да таң­дау деген мағына береді. Сондықтан осы арқылы «Мәңгілік Ел»  мұратын тұ­ғырлы ететін тарихи таңдау жасалды деп ойлаймын. Әліпби алмастыру арқылы біз қосамжар орфографиядан құтыламыз. Мысалы, қазір мемлекетіміздің атауы 3 түрлі жазылып жүр. Латын әліпбиі арқылы мұны Qazaqstan деп тілдік ерекшелігімізді сақтай отырып, бір-ақ сөзбен жазуға мүмкіндік алдық. Сонымен қатар жаңа әліпби арқылы шет тілдерден енген сөздерді де ұлттық ерекшеліктерге икемдей аламыз. Латын әліпбиін қазақ емлесі арқылы қабылдау бұл мәселені бір ізге түсіреді. Орфографиялық, орфоэпиялық тұтастықтың тілдік тұтастыққа бастайтынын ескерсек, бұл түрлі этностардың тіл сындыруына, сөйтіп мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасуына септігін тигізеді деп есептеймін. Ендеше, Елбасы мақа­ла­сында атап өткендей, латын әліпбиі бұ­қара­лық сананы өзгертіп, қоғамның ішкі тұтастығын қалыптастыратын басты құ­ралдың бірі болады деген ойдамын. Қазірдің өзінде еліміздегі электронды ақпарат құралдарында латын әліпбиі кеңінен қолданылуда. Интернетте, әлеу­мет­тік желілерде бұған әлдеқашан көшіп кеткендер аз емес.

Төте жазуды пайдаланатын Қытай қазақтары да, латын әліпбиін қолда­натын Еуропа қазақтары да осы конвертер арқылы жаңа әліпби нұсқасымен танысып, өзіне қажетті ақпаратты еш қиындықсыз ала алады. Яғни Қазақ елінде болып жатқан жаңалықтарды, Елбасы саясатын өз әліпбиінде оқуға мүмкіндігі бар. Нақтылап айтқанда бұл конвертер басқа әліпби нұсқасын латынға ғана аударып қоймайды. Керісінше жаңа әліпбиде жазылған кез келген мәтінді басқа әліпбиге де аудара алады. Бұл жаңа әліпбидің әлем қазақтарына ортақ әліпби бола алатынын көрсетеді.

Асықпау керек дейміз. Дұрыс. Асықпаған жақсы, кешікпеген одан да жақсы. Бұл мәселенің – қазақ жазуын латын графикасына ауыстыру қажет пе, қажет емес пе деген мәселенің басы ашылған. Неге олай дейміз? Адам қателесуі мүмкін, қоғам да қателесуі мүмкін, тіпті заман да қателесуі мүмкін. Ал уақыт қателеспейді. Уақыттан өткен данышпан болмайды. Уақыт өз сөзін айтып үлгерді. Латын жазуы уақыттың сан ғасырлық сынынан өтіп болды. Қазір әлемдегі халықтың 80 пайызы латын графикасын игеріп, пайдаланып отыр, әлемдегі ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылып тұр. Бұдан өткен аргументті келтіру қиын шығар. Демек, латынға көшу – прагматизм талабы. Ендігі бар түйін жаңа әліпбиге көшуді нақты қалай жүзеге асырамыз дегенге тіреліп тұр. Үкімет бұл мәселенің кезең-кезеңмен шешілу жолдарын да қарастырып қойған.

Педагогтармен және ата-аналармен алдын ала талқылау аяқталғаннан  кейін еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жаңа әліпбиді енгізу үшін арнайы кесте бекітілді. Бұл ретте асығыстыққа жол берілмейтінін атап айту керек, бүкіл жұмыс жоспарлы түрде, жүйелілікпен және қатаң бекітілген кесте бойынша жүргізіледі. Ең бірінші кезекте кадрларды даярлау, оқулықтарды басып шығару, нормативтік сөздіктерді әзірлеу жұмыстары қарастырылған. Даярлық кезеңі сапалы аяқталған соң ғана жаңа жазу бүкіл білім беру ұйымдарында кең көлемде енгізіледі.

Сөзіміздің түйіні мынау. Жазуымызды жаңартып, тілімізді түлеткіміз келсе, сол арқылы санамызды сілкіндіріп, елдігімізді ерекшелегіміз келсе, бұл іске тәуекел етуіміз керек. Өнер алды қызыл тіл деп санайтын, туған тілін мына дүниедегі ең асыл, ең ардақты адамының атымен «ана тілі» деп сөйлейтін айналайын қазағымның елдіктің бұл сынынан да абыроймен өтетіні айдан анық. Алфавит ауыстыру – іргелі, ірі іс, шын мәнінде тарихи шешім. Ойдағыдай атқарылған жағдайда бұл ісіміздің игілігін, бұл тарихи шешімнің жемісін халқымыз ғасырлар бойы көре беретін болады. Келешектегі ұрпақтарымыз ұлтты әлемдік өркениеттің сара жолына салып берген Елге де, туған халқына сол мүмкіндікті үшінші мыңжылдықтың басындағы аласапыран заманда алып берген Ерге де алғысын айтатын болады.

Тіл саясатын жүзеге асыру патриоттық сана-сезімге негізделуі керек. Тіл мәселесінде ұстамдылы пікірлер мен бағалар қажет. Сонда ғана тілдер мен мәдениеттер, сана ашықтығының өзара тиімді байланысы мен бірін-бірі толықтыруы туралы айтуымызға болады.

Кез келген жаңа іс, соңғы қадамның азды-көпті қауіпі болады. Енді «қаупі» демей-ақ қояйыншы, машақаты болады, тәуекелі болады. Бірақ бұл соқыр тәуекел емес, ағайын. Бұның бәрі зерттелген, қоғамның талқысына салынған. Алфавит реформасы түгілі, бір бөлмеден бір бөлмеге затыңызды ауыстырсаңыз да кәдімгідей машақат. Аға буынға бұл латиницаның ауырлау түсетіні жасырын емес. Ал жас ұрпаққа түк емес.
Қажеттілікке саясаттың «тонын» кигізбейік, ағайын. Ашық сана, прагматизммен келгеніміз дұрыс болады деп ойлаймын. Жаңа әліпби – жаңа дәуірдің басы, қазақ тілінің, қазақ рухының «Мәңгі Ел» идеясымен бірге жасалуының басты кепілі. Ал біздер, осы тарихи қадамға жол ашқан куәгерлер болмақпыз.

Н.Мұқанова.
Қарасу ауданы әкімдігінің
тілдерді оқыту орталығы директорының м.а.

Смотрите также

В будущее – без взяток

Антикоррупционный марафон «Адал жол – Честный путь» продолжает своё шествие по региону. Эстафету областного антикоррупционного …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *